«Үкілі ару – 2025» байқауы өз мәресіне жетті
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде дәстүрлі «Үкілі ару» облыстық сұлулық байқауының финалдық кезеңі өтті. Биыл бұл байқау оныншы рет ұйымдастырылып, оған облыстағы жоғары және орта кәсіптік оқу орындарынан келген 17 ару бақ сынасты. Ақтық сынға 10 қатысушы жолдама алып, сахнада өз өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың басты мақсаты – қазақ қызының бойындағы инабаттылық пен сұлулықты, ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеу. Қатысушылар өзін-өзі таныстыру, өнер көрсету, интеллектуалдық сайыс және ұлттық дәстүрлерге байланысты кезеңдерден өтті. Байқаудың алғашқы күнінде арулар «Қазақ дастарханы» аспаздық сайысында өз шеберліктерін көрсетіп, әділ қазылардың бағалауына ие болды. Ал финалдық кезеңде олар өздерінің өнерін, білімін, сахнадағы шеберлігін паш етті.
Қазылар алқасы арулардың әр қырын бағалап, әділ шешім шығарды. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Қазақ филологиясы» мамандығының 3-курс студенті Әдемі Бақберген жеңіп алды. Бірінші орын Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығында оқитын 1-курс студенті Нұрай Досманбетке бұйырды. Екінші орынды М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Туристік бизнес» мамандығында оқитын 2-курс студенті Аяулым Ермек иеленді. Үшінші орынға Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің «Жерге орналастыру» мамандығының 4-курс студенті Мерей Нұрлан мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Актер өнері. Сөз сөйлеу жанрының әртісі» мамандығында оқитын 2-курс студенті Айгерім Мурзали лайық деп танылды.
Сонымен қатар, бірқатар арулар арнайы номинацияларға ие болды. Қаратау технология, білім және бизнес колледжінің студенті Гүлбану Рамазанова «Инабатты ару», Тараз сервис және технология колледжінің студенті Альвина Абенова «Күлімкөз ару», Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Нұрилә Жайлау «Әдемі қыз», Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенті Назерке Жолдас «Ажарлы қыз», Гүлсезім Жаманбай «Шырайлы қыз» номинацияларымен марапатталды.
Биыл байқаудың 10 жылдық мерейтойы болғандықтан, ұйымдастырушылар бұрынғы жеңімпаздарды қонақ ретінде шақырды. Олардың қатарында «Үкілі ару – 2014» Назым Ақылова, «Үкілі ару – 2015» Нұргүл Зейнебекова, «Үкілі ару – 2017» Айдана Шапантаева, «Үкілі ару – 2023» Нұрсұлу Сәден және «Үкілі ару – 2024» Карина Хамитова болды. Биылғы жеңімпазға тәжді өткен жылғы жеңімпаз Карина Хамитова табыстады.
Қазылар алқасының құрамында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы, «Жалпы педагогика» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Аналар алқасының» төрайымы Жанат Сарыбекова, белгілі блогер Гүлдана Атабаева және профессор, PhD доктор Жұлдыз Саурықова, Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі – Камила Абашова болды. Байқаудың марапаттау рәсіміне Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков қатысып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етті.
«Үкілі ару» байқауы жыл сайын қазақ қыздарының сұлулығы мен парасаттылығын, ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптейтін маңызды алаңға айналып келеді. Биылғы байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығы өздерінің білімдері мен таланттарын көрсетіп, ұлттық дәстүрді құрметтеудің жарқын үлгісін танытты.