Шерхан университетінде Қытай тілінің Speaking Club клубы аясында дәстүрлі желпуіштер жасау шеберлік сағаты өтті

2026 жылғы 3 қарашада Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасының ұйымдастыруымен Қытай тілінің Speaking Club клубының кезекті кездесуі өтті. Іс-шара «Қытайдың материалдық емес мәдени мұрасы: дәстүрлі лакталған желпуіштер» тақырыбына арналды.
Кездесудің негізгі мақсаты – білім алушылардың қытай тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, тілдік дағдыларын дамыту, сондай-ақ мәдениетаралық қарым-қатынасты нығайту.

Іс-шара барысында қатысушылар Қытайдың дәстүрлі лакталған желпуіштерінің шығу тарихымен, жасалу ерекшеліктерімен және мәдени маңызымен танысты. Сонымен қатар қытай тіліндегі түстердің атауларын меңгеріп, жаңа сөздерді практикалық тапсырмалар арқылы қолдануға мүмкіндік алды.
Кездесудің маңызды бөлігі шығармашылық шеберлік сағатына арналды. Қатысушылар түрлі түсті сияларды пайдалана отырып, дәстүрлі қытай өнерінің элементтері негізінде өз қолдарымен сәндік желпуіштер жасады. Бұл тәжірибе қатысушыларға Қытайдың мәдени мұрасын тереңірек танып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.

Кездесу интерактивті форматта ұйымдастырылып, қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына, тілдік білімдерін жетілдіруіне және Қытайдың ұлттық өнерімен жақынырақ танысуына жағдай жасады.
Қытай тілінің Speaking Club клубы университетте көптілді білім беру ортасын қалыптастыруға, халықаралық мәдени байланыстарды дамытуға және білім алушылардың мәдениетаралық құзыреттілігін арттыруға бағытталған бастамалардың бірі болып табылады.

Алдағы уақытта Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастамасымен қытай тілін үйренуге және Қытай мәдениетін насихаттауға бағытталған мәдени-танымдық кездесулер мен шығармашылық шеберлік сағаттары жалғасын табады.

06 Қараша 2026
119