COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Құрманбек Сағынбекұлының 60 жылдығына арналды

 

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде заң ғылымдарының кандидаты, доцент Сағынбеков Құрманбек Сағынбекұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Заң мен тәртіп: құқық үстемдігін қамтамасыз етудің және адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға университет президенті Ерболат Саурықов пен ректор Махметғали Сарыбеков, мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, құқық саласының мамандары қатысты. Конференция Қазақстан, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінің ғылыми қауымдастық өкілдерінің басын қосып, құқық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған халықаралық ғылыми алаңға айналды.

 

 

Конференция барысында заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мемлекетті дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының қалыптасу тарихы, ғылыми-теориялық негіздері және оны қолданудың қазіргі тәжірибесі кеңінен сөз болды. Қатысушылар құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңнаманы жетілдіру және құқық қорғау саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу мәселелері бойынша пікір алмасты.

Жиында заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі Айдаркан Скаков, заң ғылымдарының докторы, профессор, Құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, Тұран университетінің Жоғары құқық мектебінің профессоры Талғат Акимжанов қатысты. Онлайн форматта Ыстамбұл университетінің заң факультетінің деканы Фетхи Гедикли, Кастамону университетінің доценті Явуз Гүлоглу, В.М. Лебедев атындағы Ресей мемлекеттік сот төрелігі университетінің профессоры Анна Ананьева және өзге де ғалымдар баяндама жасады.

 

 

Сонымен қатар конференцияда Кастамону университетінің өкілі Нур Белкаялы, Ташкент мемлекеттік заң университетінің кафедра меңгерушісі Махмут Утемуратов, Волгоград мемлекеттік университетінің өкілі Мирас Усейнов және академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Маржан Билялова онлайн форматта баяндамаларын оқыды.

Баяндамалар аясында құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін дамыту және құқықтық жүйелердің өзекті мәселелері ғылыми тұрғыдан сараланды. Халықаралық тәжірибе алмасу қатысушыларға өзекті мәселелерді жан-жақты қарастырып, ғылыми және кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.

 

 

Құрманбек Сағынбекұлының 60 жылдық мерейтойына орай бірқатар мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және әріптестері мерейтой иесін құттықтады. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Копдикбаев, Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Мейржан Исабеков, Байзақ ауданы сотының төрағасы Досжан Төленбеков және өзге де мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары ізгі тілектерін білдірді.

 

 

Мерейтой иесіне көпжылдық еңбегі, кәсіби қызметі және білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар, құрмет грамоталары мен төсбелгілер табысталып, құрмет көрсетілді.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция құқық ғылымының өзекті бағыттарын талқылауға, тәжірибе алмасуға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға ықпал етті.