Шерхан Мұртаза университетінің өкілдері халықаралық бәсекеге қабілеттілік жөніндегі Erasmus+ семинарына қатысты

2026 жылғы 28–29 қыркүйекте Астана қаласында, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Erasmus+ техникалық көмек миссиясы (TAM – Technical Assistance Mission) аясында «Халықаралық бәсекеге қабілеттілік және ынтымақтастық» тақырыбындағы екі күндік семинар өтті. Іс-шараны Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі және Жоғары білімді реформалау жөніндегі ұлттық сарапшылар тобы (HERE) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің (EACEA) қолдауымен ұйымдастырды. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің атынан семинарға Стратегия, ғылым, инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Гүлнұр Болатбековна Исабекова және Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасының өкілі Назым Тұрсынбайқызы Дүйсенова қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен халықаралық бәсекелестік жағдайында Қазақстан жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған институционалдық стратегияларды күшейту.

Екі күндік бағдарлама барысында QS және THE халықаралық рейтингтерінің әдіснамасы мен көрсеткіштері, университеттердің жаһандық танымалдығы мен академиялық беделін арттыру, халықаралық білім беру бағдарламалары, стратегиялық серіктестік, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы, халықаралық ғылыми консорциумдар, бірлескен зерттеулер және халықаралық гранттық қаржыландыру мәселелері қарастырылды.
Семинардың шақырылған халықаралық сарапшысы – Еуропалық жоғары білім кеңістігінің сарапшысы, Грек Жерорта теңізі университетінің интернационалдандыру және сыртқы ынтымақтастық жөніндегі проректоры, профессор Константинос Петридис.

Практикалық-стратегиялық зертханалар барысында қатысушылар халықаралық рейтинг көрсеткіштерін институционалдық стратегиямен байланыстыру, benchmarking және gap analysis жүргізу, интернационалдандыру портфелін қалыптастыру, зерттеу орталықтарының тұжырымдамасын әзірлеу, халықаралық ғылыми жобалар мен қаржыландыруды тарту стратегияларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізді.
Семинар қорытындысында университеттердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған институционалдық жол карталарын әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында алынған тәжірибе мен практикалық ұсынымдар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, ғылыми серіктестіктерді дамытуға, халықаралық жобаларға қатысуын күшейтуге және университеттің жаһандық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтуға бағытталған жұмыстарда пайдаланылатын болады.

29 Қыркүйек 2026
165