Әлемдік аренада: студенттеріміз ел намысын қорғауда

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің білім алушылары халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарда Қазақстанның көк байрағын көкке көтеріп, ел намысын абыроймен қорғауда.
Университет студенттерінің әлемдік жарыстарға қатысуы – олардың спорттағы жоғары дайындығы мен табандылығының айқын көрінісі. Бүгінде университетіміздің бірқатар білім алушысы шетелде өтіп жатқан беделді бәсекелерде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, ел мерейін үстем етуге атсалысуда.
Атап айтқанда, Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 3-курс студенті Ли Юлия маунтинбайктан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында бақ сынауда. Ол халықаралық аренада ел намысын қорғап, байрақты бәсекеде жоғары нәтижеге ұмтылуда.
Сонымен қатар Италияның Лидо-ди-Езоло қаласында кикбоксингтен жасөспірімдер мен балалар арасында WAKO әлем чемпионаты өтуде. Әлемнің әр түкпірінен үздік спортшылар бас қосқан дүбірлі додада университетіміздің бес студенті Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғауда.
Қазақстан құрамасы қатарында жарысқа қатысып жатқан университет студенттері:
- Ғалымжанұлы Аян – 1 курс, ДШ-IP-26-1 тобы;
- Шәдібек Нұрғиса – 1 курс, ДШ-26-1 тобы;
- Рысқұл Дулат – 1 курс, ДШ-26-1 тобы;
- Сабыр Әліби – 1 курс, ДШ-26-1 тобы;
- Абдамит Нұрислам – 2 курс, ДШ-25-3 тобы
- Жайлаубай Арнұр – 2 курс
Жас спортшылар үшін мұндай халықаралық жарыстар – кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауға және әлемдік деңгейдегі спортшылармен бәсекеге түсуге үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар олардың халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсетуі – университет үшін де үлкен мәртебе.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті студенттердің тек білім алуда ғана емес, спортта да биік белестерді бағындыруына қолдау көрсетіп келеді. Университет қабырғасында білім алып жүрген талантты жастардың республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуі – білім ордасында спорт пен жастардың жан-жақты дамуына ерекше мән берілетінінің көрінісі.
Бүгінде спортшыларымыздың әрбір жарыстағы жеңісі – өздерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі ғана емес, ел абыройын асқақтатуға қосқан үлесі. Қазақстанның көк туын халықаралық аренада желбіретіп жүрген студенттерімізге алдағы сындарда сәттілік тілейміз!

22 Қыркүйек 2026
127