Біздің студент – Азия чемпионы!

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенті Жоламан Биғабыл Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында каратэден чемпион атанды.
Қазақстандық спортшы каратэнің кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, байрақты бәсекеде топ жарды.
Азия ойындарының финалдық кезеңінде Жоламан Биғабыл Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесті. Шешуші жекпе-жекте қазақстандық спортшы жоғары шеберлік танытып, қарсыласын 9:1 есебімен жеңді. Осылайша Жоламан Биғабыл жарыстың алтын медалін иеленіп, 2026 жылғы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Бұл – жас спортшының Азия ойындарындағы алғашқы жүлдесі. Халықаралық деңгейдегі бәсекеде Қазақстанның көк байрағын көкке көтеріп, ел намысын абыроймен қорғаған Жоламан Биғабылдың жеңісі – университет ұжымы мен студенттері үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш.
Спортшының бұл жетістігі – жүйелі дайындықтың, табандылықтың, еңбекқорлықтың және жеңіске деген жігердің нәтижесі. Университетіміздің студенті осындай ірі халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын жүлде салуына өз үлесін қосты.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұжымы Жоламан Биғабылды айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтайды!
Жас чемпионға алдағы жарыстарда сәттілік, мықты денсаулық, толағай табыс және жаңа жеңістер тілейміз. Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда биікте желбіретіп, ел мерейін асқақтата бер!

22 Қыркүйек 2026
116