Жастарға мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде жастардың мемлекеттік қызмет саласына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Мемлекеттік қызметшілер мектебіне іріктеу, мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау және «Адал азамат» қағидаты» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинары өтті.
Іс-шараға университет студенттері, оқытушылар құрамы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – жастарға мемлекеттік қызметке орналасудың мүмкіндіктері мен талаптарын түсіндіру, Мемлекеттік қызметшілер мектебіне іріктеу тәртібі туралы ақпарат беру, сондай-ақ конкурссыз қабылдау тетіктерімен таныстыру.
Жиын барысында университет проректоры Гүлнұр Исабекова сөз сөйлеп, жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ университет пен мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің кәсіби дамуына жағдай жасаудың қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Копдикбаев мемлекеттік қызметке орналасудың негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері жөнінде кеңінен түсіндірді.
Спикер мемлекеттік қызметшілер мектебіне қабылдану талаптарына, іріктеу кезеңдеріне, конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылдау ерекшеліктеріне және жастар үшін ұсынылатын мүмкіндіктерге тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі адалдық, жауапкершілік, кәсібилік және халыққа қызмет ету қағидаттарының маңыздылығы атап өтілді.

Семинар барысында студенттер белсенділік танытып, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, Мемлекеттік қызметшілер мектебіне іріктеу, конкурссыз қабылдау және кәсіби даму мүмкіндіктері бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды
Мемлекеттік қызмет – қоғам игілігіне қызмет етуді, жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды сала. Осындай ақпараттық кездесулер жастарға кәсіби бағдар беріп, олардың мемлекеттік басқару жүйесі туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

21 Қыркүйек 2026
143