Қытайдағы маңызды кездесу

18 мамыр күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Құдайбергенов Арман Ерғалиұлы бастаған ресми делегация Қытай Халық Республикасындағы Санжы университетіне іссапармен барды.

Қазақстандық делегация құрамында:
– Құдайбергенов Арман Ерғалиұлы – стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор
– Қыран Нұрболатұлы – 7M04102 «Экономика» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранты
Санжы университеті — Қытайдағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет білім беру, тілдік дайындық, ғылым және халықаралық ынтымақтастық бағыттарындағы жоғары академиялық әлеуетімен ерекшеленеді.

Кездесу барысында Санжы университеті тарапынан партия комитетінің тұрақты комитет мүшесі әрі проректоры төрағалық етіп, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Құдайбергенов Арман Ерғалиұлы бастаған делегацияны жылы қарсы алып, алдыңғы кезеңдердегі екіжақты кездесулер мен келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген оң нәтижелерді жоғары бағалады (айта кетер болсақ, қазіргі таңда университетімізде Санжы университетінен келген екі шетелдік оқытушы университетіміздің Педагогика факультетінде жұмыс істейді). Сонымен қатар, екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Ол алдағы уақытта да серіктестік аясын кеңейтіп, оның тиімділігін арттыру арқылы екі университет арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін жеткізді.

Өз кезегінде университетіміздің ресми делегациясы білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін, академиялық құрылымын және халықаралық серіктестікті дамытудағы стратегиялық басым бағыттарды таныстырып, өзара ықпалдастықтың перспективалы бағыттарын айқындады. Тараптар таныстырылым материалдарымен алмасып, білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністікке қол жеткізді.

Санжы университетінде оқуын сәтті аяқтап, бакалавр дипломын алуға жақын қалған студенттерді білімін біздің университетте жалғастыруға, яғни магистратураны университетімізде оқуға шақыру сәтін ерекше атап өткен жөн. Себебі қазіргі таңда университетімізде білім алып жатқан қытайлық магистранттардың басым бөлігі дәл осы стратегияның нәтижесінде қабылданды. Алдағы уақытта Санжы университетінің көптеген түлектері оқуын университетімізде жалғастырады деген сенімдеміз.

Кездесу барысында келісілген және айқындалған негізгі бағыттар:
– Академиялық алмасу: студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын дамыту
– Кадр даярлау: бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру
– Ғылыми-зерттеу: ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру
– Халықаралық ынтымақтастық: институционалдық серіктестікті кеңейту

23 мамыр күні Санжы университетінің жоғары басшылығы мен ресми делегациясы университетімізге іссапармен келмек. Қытайлық делегацияны университетіміздің Басшылық құрамы күтіп алады. Кездесу нәтижесінде екіжақты меморандумға қол қойылып, ынтымақтастық туралы келісім ресми түрде заңдық күшіне енеді деп жоспарлануда.

Аталған сапар көзделген мақсаттарға толық қол жеткізіп қана қоймай, университетіміз үшін жаңа серіктестік мүмкіндіктерін айқындады. Жоғары деңгейдегі әріптестік байланыстар орнатылып, білім беру, ғылым және академиялық алмасу бағыттары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік негіз қаланды.

22 Мамыр 2026
864