Білім келешегі – адал азамат және кәсіби маман

Ағымдағы жылдың 9 сәуір күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Педагогика» факультетіне қарасты «Жалпы педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен «Білім келешегі – адал азамат және кәсіби маман» атты ашық есік күні жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – талапкерлерге университеттің білім беру бағдарламаларын кеңінен таныстыру, болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру және кәсіби өзін-өзі анықтауға қолдау көрсету болды. Бүгінгі таңда білім – кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің негізгі факторы. Алайда заманауи қоғам тек білімді ғана емес, сонымен қатар білікті, жауапкершілігі жоғары, жаңашыл ойлайтын тұлғаларды талап етеді. Осы тұрғыда адал азамат – қоғамның тірегі болса, кәсіби маман – ел экономикасының қозғаушы күші екені ерекше атап өтілді.

Ашық есік күніне көршілес Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы шағын жинақты мектеп-гимназиясы, Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты білім беру мекемелерінің оқушылары мен педагогтері, сондай-ақ Тараз қаласының мектептері мен колледждерінің бітіруші түлектері және кәсіби бағдар беруге жауапты мамандары қатысты.

Іс-шараның алғы сөзі университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлына берілді. Ректор өз сөзінде білім мен тәрбие егіз ұғым екенін, болашақ маманның тек кәсіби емес, рухани тұрғыдан да кемел болуы керектігін ерекше атап өтті.
Қонақтарға университеттің жетістіктері мен мүмкіндіктерін танытатын арнайы бейнефильм ұсынылды. Сонымен қатар кафедра бойынша даярланатын:
6В01101 – Педагогика және психология
6В01201 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу
6В01301 – Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі білім беру бағдарламалары жан-жақты таныстырылды.

Іс-шараның ерекше тұсы – білім беру процесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерінің көрсетілуі болды. Қатысушылар заманауи цифрлық құралдар арқылы оқыту, интерактивті тапсырмалар орындау және білімді талдау тәсілдерімен танысты. Бұл болашақ педагогтардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде үлкен қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар жұмыс беруші ұйым өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізді. Студенттердің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама іс-шараның көркін қыздырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара соңында белсенділік танытқан мектеп оқушылары мен жетекші педагогтерге, сондай-ақ ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан студенттер мен оқытушыларға алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.
Ашық есік күні – талапкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы ғана емес, болашаққа нық қадам жасауға серпін берген маңызды кездесу болды.

09 Сәуір 2026
68