Екі жақты меморандумға қол қойылды

Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Жамбыл облысы Сот әкімшілігінің департаменті өкілдерімен екі жақты меморандумға қол қойылды.
Бұл кездесудің негізгі мақсаты – сот жүйесі мен жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, студенттерге мемлекеттік қызмет саласын тереңінен түсіндіру.

Жиынға оқу орнының ректоры Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков, ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Азиз Құрманғалиұлы Әлиев, Жамбыл аудандық сотының судьясы Әсел Гаухарбайқызы Умбетқұлова, сондай-ақ департаменттің персоналды басқару бөлімінің басшысы Фариза Әлмахамбетқызы Ешенқұлова және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Өз кезегінде Азиз Құрманғалиұлы Әлиев сот жүйесіндегі заманауи реформалар мен цифрландыру бағыттары туралы баяндама жасап, студенттерге сот әкімшілігінің қызметі жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ал Жамбыл аудандық сотының судьясы Әсел Гаухарбайқызы Умбетқұлова жастарға заң үстемдігін сақтау мен әділдік құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, кадр саясаты мен мемлекеттік қызметке қабылдау тетіктері туралы ҚР Сот әкімшілігінің персоналды басқару бөлімінің басшысы Фариза Әлмахамбетқызы Ешенқұлова нақты мәліметтермен бөлісті.

Кездесудің соңында тараптар екі жақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжат университет студенттеріне сот жүйесімен танысу, тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.

Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, өзара пікір алмасты. Мұндай форматтағы кездесулер студенттердің құқықтық санасын қалыптастыру мен болашақ кәсіби жолын айқындауға үлкен серпін бермек.

12 Қараша 2025
321