"Шерхан апталығы": Студенттер Ұлы Қайраткерлердің Ізімен

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіндегі маңызды іс-шара – "Шерхан апталығының" аясында студенттер үшін тағылымды да танымдық саяхат ұйымдастырылды. Университет әкімшілігінің қолдауымен және "Жастар саясаты және тәрбие жұмысы" басқармасының ұйымдастыруымен 60 белсенді студент қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай оның туған жеріне сапар шекті.

Жазушының Мекенінен Басталған Рухани Сусындау
Студенттер сапарды Жуалы ауданының Талапты елді мекенінде орналасқан Ш.Мұртазаның мемориалдық үйінен бастады. Бұл үйде жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты тың рухани дүниелер жинақталған. Жастар қаламгердің жеке кітапханасымен, жұмыс кабинетімен, бильярд залымен, өзі қолданған заттарымен және өміріне байланысты маңызды құжаттарымен жіті танысты.

Сапардың ерекше сәті - Шерағаңның нағашысы Аманжол Дүрәлі ақсақалдың қызықты әңгімелері болды. Ақсақалдың тағылымды әңгімелерінен студенттер ұлы тұлғаның тәрбиесі, өмірлік ұстанымдары туралы тереңірек біліп, өздерін толғандырған сұрақтарына толыққанды жауаптар алды.

Мыңбұлақ – Аңызға Толы Қайнар
Келесі нысана – Шерағаңның мәңгілік сағынышы болған киелі мекен – Мыңбұлақ болды. Студенттер бұл жердегі Момыш бұлағының көзін ашу рәсіміне қатысты. Бұл бұлақ – даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының балалық шағы өткен, мөлдір суынан қанып ішкен қайнар. Студенттер Ер Баукеңнің әкесінің есімімен аталатын бұлақтың көзін тазалау арқылы екі ұлы тұлғаға деген құрметтерін көрсетті.

Олар Баукең мен Шерағаңның талай рет табаны тиген соқпақпен жүріп, олар тыныстаған саф ауаны сіміре жұтты. Ақ бас Алатаудың етегіндегі Ақ сай мен Көк сайға көз тастап, сол ұлылар секілді армандап тұрды. Рухани сапардың соңында Аманжол Дүрәлі ақсақал жастарға бата беріп, құран бағыштады, сапардың мән-мағынасын тереңдете түсті.

Батыр Рухына Тағзым
Сапар Б.Момышұлы ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлының мұражайына барумен жалғасты. Студенттер мұнда даңқты қолбасшының қолданған дүниелерімен және маңызды құжаттарымен танысып, батырдың ерлік рухымен сусындады.

Бұл тарихи-танымдық саяхат университеттің жастары үшін тек білім беру ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихты тану және патриоттық сезімді ояту жолындағы маңызды қадам болды. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенттері ұлы тұлғалардың өмір жолынан үлгі-өнеге алып, елінің мақтанышы болуға деген жігермен оралды.

29 Қыркүйек 2025
295