ТДМ 10 – Теңсіздікті азайту

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті инклюзивті спортты дамытуға қолдау көрсетуде
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 10-мақсаты – «Теңсіздікті азайту» аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қолдауға үлес қосуда.
Осы бағыттағы бастамалардың бірі – Жамбыл облысының намысын қорғап жүрген «Асыл» отырып ойнау параволейбол командасына университеттің спорттық инфрақұрылымын пайдалануға мүмкіндік берілуі.
«Асыл» командасы 2025 жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысында өткен республикалық жарыста жоғары дайындық пен табандылық танытып, І орынды иеленді. Бұл жетістік спортшылардың кәсіби шеберлігі мен командалық бірлігінің нәтижесі болды.
Қазіргі уақытта команда алдағы жарыстарға дайындық жұмыстарын Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің заманауи жабдықталған спорт кешенінде жалғастыруда. Спортшылар өз шеберліктерін жетілдіріп, болашақта Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде қорғауды мақсат етіп отыр.
Университеттің спорттық инфрақұрылымын инклюзивті спортты дамыту мақсатында пайдалану ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дене шынықтыру және спорт саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 10-мақсаты – «Теңсіздікті азайту» қағидаттарымен үндеседі. Аталған мақсат қоғамның барлық мүшелеріне, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға тең мүмкіндіктер қалыптастыруды және олардың әлеуметтік өмірге толыққанды қатысуын қолдауды көздейді.
Сонымен қатар бастама 3-мақсат – «Денсаулық және әл-ауқат» бағытымен де байланысты. Өйткені спортпен жүйелі түрде айналысу дене белсенділігін арттыруға, денсаулықты нығайтуға және психологиялық әл-ауқатты жақсартуға мүмкіндік береді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті осындай бастамалар арқылы инклюзивті ортаны дамытуға, спорттың қолжетімділігін арттыруға және қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидатын нығайтуға өз үлесін қосуда.

05 Қараша 2026
78