ТДМ 9 – Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым

ITU HACKATHON-2025: Шерхан Мұртаза университеті жастардың инновациялық бастамаларын қолдауда
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 9-мақсаты – «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» аясындағы басымдықтармен үндесетін IV Аймақтық «ITU HACKATHON-2025» инновациялық форумы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы өзекті мәселелерге инновациялық шешімдер әзірлеу, талантты жастардың шығармашылық және технологиялық әлеуетін дамыту, сондай-ақ өңірдегі цифрландыру үдерісін қолдау.
Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан хакатонға Жамбыл өңірінің мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының жас IT мамандарынан құралған 40 команда, 200-ге жуық қатысушы тіркелді. Іріктеу нәтижесінде 15 команда финалдық кезеңге жолдама алды.
Биылғы байқау «Банк үшін суперқосымша» тақырыбына арналды. Іс-шараның бас демеушісі – «Банк ЦентрКредит» АҚ. Қатысушылар банк клиенттеріне арналған тиімді, қауіпсіз және жасанды интеллект элементтерін қамтитын мобильді қосымшалардың инновациялық тұжырымдамаларын әзірледі.
Байқау қорытындысы бойынша:
- І орын – Double U командасы, 350 000 теңге;
- ІІ орын – Verdian командасы, 200 000 теңге;
- ІІІ орын – IPT Group командасы, 100 000 теңге.
Қалған финалистер алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Форумға университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков, «Банк ЦентрКредит» АҚ өкілдері, Жамбыл облысының цифрландыру басқармасы мен Zhambyl HUB жетекшілері, сондай-ақ IT индустриясының сарапшылары қатысты.
Іс-шара аясында панельдік сессиялар ұйымдастырылып, қатысушылар қаржы технологиялары, IT саласындағы заманауи үрдістер және жасанды интеллекттің даму перспективалары туралы ақпарат алды.
ITU HACKATHON-2025 БҰҰ-ның ТДМ 9 – «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» мақсатына сәйкес келеді. Аталған бастама жастардың инновациялық идеяларын дамытуға, цифрлық технологияларды қолдануға және өңірлік инновациялық экожүйені нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар форум ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» мақсатының басымдықтарымен де байланысты. Хакатон қатысушылардың цифрлық құзыреттерін, шығармашылық ойлауын, командалық жұмыс және практикалық мәселелерді шешу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Университет алдағы уақытта хакатон ауқымын кеңейтіп, оны республикалық және халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр.

05 Қараша 2026
103