ТДМ 4 – Сапалы білім беру

Шерхан Мұртаза университетінің магистранттары Өзбекстанда халықаралық кәсіби тағылымдамадан өтуде
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің EMBA «Денсаулық сақтаудағы менеджмент» білім беру бағдарламасының магистранттары Өзбекстан Республикасындағы Кимё Ташкент халықаралық университетінің клиникасында шетелдік тағылымдамадан өтуде.
Халықаралық тағылымдама магистранттардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, денсаулық сақтау ұйымдарын басқару саласындағы халықаралық тәжірибемен танысуына және теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруына бағытталған.
Тағылымдама аясында университет өкілдері мен магистранттарды Кимё Ташкент халықаралық университетінің стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Улугбек Алишерович Восиков, білім беруде сапаны қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Зебо Бекмуродовна Шарипова және менеджмент және маркетинг кафедрасының меңгерушісі Дильшода Рамазановна Гафурова қарсы алды.
Тағылымдаманың алғашқы күні қабылдаушы университет басшылығымен кездесуден басталды. Магистранттар университеттің білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен, клиниканың қызметімен және зертханаларымен танысты.
Бағдарлама барысында магистранттар университет клиникасының базасында тәжірибе алмасып, медициналық ұйымдағы менеджмент пен маркетингті ұйымдастыру ерекшеліктерін зерделейді.
Шетелдік тағылымдама білім алушыларға денсаулық сақтау саласындағы басқару тәжірибесін халықаралық деңгейде салыстыруға, кәсіби білімін кеңейтуге және басқарушылық құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Аталған бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім беру» бағытына сәйкес келеді. Бұл мақсат баршаға қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.
Атап айтқанда, ТДМ 4.3 міндеті жоғары білімге қолжетімділік мәселелерін қамтиды, ал ТДМ 4.4 міндеті еңбек нарығына қажетті кәсіби және техникалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
Магистранттардың халықаралық тағылымдамадан өтуі кәсіби білімді тереңдетуге және денсаулық сақтау менеджменті саласындағы практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін білім беру бастамасы болып табылады.
Сонымен қатар тағылымдама ТДМ 17 – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» бағытымен де байланысты. Екі университет арасындағы тәжірибе алмасу халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті халықаралық тағылымдамалар арқылы магистранттардың кәсіби дамуына, білім беру тәжірибесін жетілдіруге және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға үлес қосуда.

Шерхан Мұртаза университетінің бес студенті Польшадағы Лодзь университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алады
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің бес студенті халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша Республикасындағы Лодзь университетінде (University of Lodz) бір семестр білім алуға мүмкіндік алды.
Аталған бағдарлама студенттердің халықаралық білім беру кеңістігіне қатысуын кеңейтуге, кәсіби және академиялық құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру тәжірибесімен танысуына бағытталған.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысатын студенттер:
- Көшер Меруерт – Педагогика факультеті, 6В01702 «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы, 3-курс;
- Аян Шұғыла – Педагогика факультеті, 6В01702 «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы, 3-курс;
- Досмуханбетқызы Әдемай – Педагогика факультеті, 6В01702 «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы, 3-курс;
- Хан-Чжи Елизавета – Экономика және бизнес факультеті, 6В04101 «Экономика» білім беру бағдарламасы, 2-курс;
- Курманғалиева Лейла – Шығармашылық факультеті, 6В01405 «Көркем сурет және сызу» білім беру бағдарламасы, 3-курс.
Шетелге білім алуға аттанатын студенттермен университет ректоры арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында ректор білім алушыларды жетістіктерімен құттықтап, халықаралық академиялық ұтқырлықтың олардың кәсіби дамуы мен білім сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар студенттерге шетелдік университеттің академиялық ортасымен танысып, жаңа білім мен тәжірибені меңгеру және алған білімдерін елге оралғаннан кейін тиімді пайдалану жөнінде тілектер білдірілді.
Халықаралық академиялық ұтқырлық студенттерге өзге елдің білім беру жүйесімен танысуға, шет тілдерін меңгеру деңгейін жетілдіруге, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және кәсіби дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Аталған бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім беру» бағытына сәйкес келеді. Бұл мақсат баршаға инклюзивті әрі әділ сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.
Атап айтқанда, ТДМ 4.3 міндеті барлық әйелдер мен ерлердің қолжетімді әрі сапалы техникалық, кәсіптік және жоғары білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуы жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықаралық білім беру тәжірибесін меңгеруге бағытталған.
Сонымен қатар бұл бастама ТДМ 17 – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» мақсатымен де байланысты. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен Лодзь университеті арасындағы академиялық байланыстар халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларын қолдау арқылы студенттердің кәсіби әлеуетін арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған мүмкіндіктерді кеңейтуде.
Шерхан Мұртаза университетінде Erasmus+ бағдарламасы арқылы халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды
2026 жылғы 17 қыркүйекте Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің (NEO Kazakhstan) қатысуымен Erasmus+ бағдарламасының Ақпараттық күні өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – университет қауымдастығын Erasmus+ бағдарламасының мүмкіндіктерімен таныстыру, халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға қатысу әлеуетін арттыру, сондай-ақ жаңа жобалық бастамалар мен халықаралық академиялық серіктестіктерді дамытуға ықпал ету.
Ақпараттық күн аясында университет басшылығы мен халықаралық ынтымақтастық бағытына жауапты мамандар Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің өкілімен кездесті.
Іс-шараға Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің ресми үйлестірушісі Лаура Калабайқызы Палуанова қатысып, бағдарламаның негізгі бағыттары, басымдықтары және қазақстандық жоғары оқу орындары үшін ұсынылатын мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында халықаралық білім беру жобаларына қатысу, шетелдік жоғары оқу орындарымен және ұйымдармен ынтымақтастық орнату, бірлескен жобалық бастамаларды дамыту мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар қатысушылар халықаралық жобаларды әзірлеу, жобалық идеяларды нақтылау, серіктестік консорциумдарын қалыптастыру және Erasmus+ бағдарламасына сапалы өтінім дайындау тетіктерімен танысты.
Университет ректоры Махметғали Сарыбеков Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуановамен кездесіп, университеттің басым бағыттары мен алдағы жоспарларын таныстырды.
Ақпараттық күнге университет басшылығы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми жоба жетекшілері және жас зерттеушілер қатысты.
Іс-шараның практикалық бөлімінде Erasmus+ бағдарламасына өтінім беруді жоспарлап отырған жобалық командалар үшін арнайы консультациялық сессия ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерінің жобалық идеяларын талқылап, халықаралық серіктестіктерді қалыптастыру және жобалық ұсыныстарды жетілдіру бойынша кеңестер алды.
Кездесу нәтижесінде университет мамандары халықаралық жобаларға қатысу тетіктері туралы қосымша ақпарат алып, өздерінің жобалық бастамаларын дамытуға бағыт-бағдар алды.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім беру» бағытымен сәйкес келеді. Бұл мақсат инклюзивті әрі әділ сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Erasmus+ бағдарламасының мүмкіндіктерін таныстыру және жобалық командаларға консультациялық қолдау көрсету университеттің халықаралық білім беру бастамаларына қатысу әлеуетін арттыруға, оқытушылар мен зерттеушілердің жобалық құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар іс-шара ТДМ 17 – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» мақсатымен де байланысты. Халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды әзірлеу және академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері осы мақсаттың басымдықтарымен үндеседі.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті халықаралық білім беру бағдарламалары туралы ақпараттандыру және жобалық консультациялар ұйымдастыру арқылы білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді кеңейтуде.

Шерхан Мұртаза университетінде жасанды интеллект пен цифрлық құзыреттерді дамыту мәселелері талқыланды
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Жасанды интеллект және адами капитал: білім берудегі трансформация» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларының білім беру саласына ықпалын талқылау, студенттер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту және заманауи технологияларды білім беру үдерісінде тиімді қолдану мүмкіндіктерін қарастыру.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген цифрландыру, жасанды интеллект және адами капиталды дамыту мәселелері талқыланды.
Университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту, әлеуметтік әділеттілік, адами капиталды нығайту және жастардың технологиялық өзгерістерге қатысуының маңыздылығына тоқталды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің докторанты Ғ.Б. Ерманова жасанды интеллект технологияларын қолдану әдістері, оларды пайдаланудағы этикалық қағидаттар мен жауапкершілік мәселелері туралы баяндама жасады.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының ассистенті Н.Н. Шарапов 2025 жылғы 2–4 қазанда Астана қаласында өткен «Digital Bridge 2025» халықаралық технологиялық форумына университет оқытушылары мен студенттерінің қатысуы туралы ақпарат беріп, жасанды интеллект саласындағы заманауи үрдістермен бөлісті.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі М.Б. Оңғарбаева университетте IT кластерін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырды.
Атап айтқанда, кафедра жанындағы IT Академиясы мен Дрон академиясында студенттердің ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттерін дамытуға арналған қосымша курстар ұйымдастырылғаны айтылды.
Сонымен қатар Cisco, Huawei және Coursera халықаралық білім беру платформаларында жасанды интеллект бойынша курстардан өту мүмкіндіктері, студенттердің IT жарыстары мен хакатондарға қатысуы және олардың жетістіктері туралы ақпарат ұсынылды.
Дөңгелек үстел барысында студенттер сұрақтар қойып, жасанды интеллектті білім беру мен ғылыми зерттеулерде қолдану, инновациялық идеяларды дамыту және цифрлық дағдыларды жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім беру» бағытына сәйкес келеді. Атап айтқанда, ТДМ 4.4 міндеті жастар мен ересектердің жұмыспен қамтуға, лайықты еңбекке және кәсіпкерлікке қажетті кәсіби және техникалық дағдыларын арттыруды көздейді.
Университетте IT Академиясы мен Дрон академиясы аясында қосымша курстар ұйымдастыру, халықаралық цифрлық білім беру платформаларын пайдалану және студенттердің технологиялық жобаларға қатысуын қолдау осы міндеттің басымдықтарымен үндеседі.
Сонымен қатар іс-шара ТДМ 9 – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» мақсатымен де байланысты. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инновациялық жобалар және ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелері университеттің технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті осындай ғылыми-білім беру бастамалары арқылы студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, заманауи технологияларды меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтуге және білім беру саласындағы инновациялық өзгерістерді қолдауға үлес қосуда.

28 Қазан 2026
144