«Global Student Forum – 2026» халықаралық форумы өтті

2026 жылғы 16–17 қараша күндері Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде студенттер күніне орай «GLOBAL STUDENT FORUM – 2026» халықаралық форумы өтті.
Студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға, инновациялық идеяларын қолдауға, тәжірибе алмасуға және халықаралық академиялық байланысты нығайтуға бағытталған форум аясында «Жаңа буын ғылымы: зерттеу, инновация және жаһандық сын-қатерлер» тақырыбында I халықаралық студенттік ғылыми-инновациялық конференция ұйымдастырылды.

Конференцияға 622 өтінім түсіп, Қазақстан, Түркия, Қытай, Болгария, Польша, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің 25 жоғары оқу орны қатысты.

16 қараша күні форумның салтанатты ашылу рәсімі мен пленарлық мәжілісі өтті. Жиында университет президенті Ерболат Саурықов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Пленарлық мәжілісте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен шетелдік ғалымдар баяндама жасап, ғылым мен білім берудің өзекті мәселелері, инновациялық даму және халықаралық ынтымақтастық бағыттары бойынша ой бөлісті. Сонымен қатар форумға қатысқан жоғары оқу орындарының ректорларына арнайы алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты рәсім аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен Болгарияның Варна университеті бірлесіп жүзеге асыратын 6В06105 «Computer Science» (Компьютерлік ғылымдар) қос дипломды білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне дипломдар табысталды.

Форумның ғылыми бағдарламасы аясында студенттер секциялық отырыстарда ғылыми баяндамаларын ұсынып, зерттеу нәтижелерін постерлік таныстырылымдар мен үш минуттық презентациялар форматында қорғады. Сондай-ақ стартаптар мен инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, жасанды интеллект пен ғылыми зерттеулерге арналған тақырыптық іс-шаралар өткізілді.

Форумның маңызды алаңдарының бірі – «Шекарасыз студенттік ғылым» халықаралық кездесуі болды. Бұл алаңда қатысушылар ортақ ғылыми тақырыптарды талқылап, тәжірибе алмасып, болашақ бірлескен зерттеулер мен халықаралық жобаларға серіктестер іздеу мүмкіндігіне ие болды.
«GLOBAL STUDENT FORUM – 2026» халықаралық форумы жас зерттеушілердің ғылыми бастамаларын қолдауға, студенттік ғылымның дамуына серпін беруге және отандық әрі шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.


17 Нояб 2026
15