«Sherkhan Kids University»: оқушылар университет өмірімен танысты

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде мектеп оқушыларына арналған «Sherkhan c University» білім беру жобасы аясындағы алғашқы таныстыру кездесуі өтті.

Жобаға қатысатын алғашқы 10 мектептің оқушылары университеттің тыныс-тіршілігімен, білім беру мүмкіндіктерімен және шығармашылық бағыттағы мамандықтармен танысты.

Таныстыру шарасы барысында оқушылар алдымен университеттің жатақхана ғимаратында болып, студенттердің тұрмыс жағдайы мен жатақхана мүмкіндіктерін көрді. Одан кейін шығармашылық бағыттағы мамандықтар факультетіне барып, білім беру ортасымен жақынырақ танысты.

Кездесу аясында қатысушыларға жобаның екі негізгі бағыты – Creative LAB («Шабыт әлемі») және Edu LAB («Ұстаздар академиясы») таныстырылды.

Creative LAB бағыты аясында оқушылар шығармашылық мамандықтардың ерекшеліктерімен танысып, креативті ойлау, қиял мен шығармашылық әлеуетті дамытуға бағытталған мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.

Ал Edu LAB бағыты бойынша педагогикалық мамандықтардың қыр-сыры түсіндіріліп, мұғалім мамандығының ерекшеліктері мен білім беру саласындағы кәсіби мүмкіндіктері таныстырылды.

«Sherkhan Kids University» жобасының басты мақсаты – жасөспірімдердің ғылым мен білімге қызығушылығын арттыру, қабілеттерін шыңдау және болашақ мамандығын саналы таңдауға бағыт-бағдар беру.

Жоба алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, мектеп оқушыларына университет қабырғасында жаңа білім мен тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

05 Нояб 2026
153