COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Адрес

г. Тараз, ул. Желтоксан, 69Б

Контактный Телефон

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Время работы

Пнд - Птн: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Польшаға ғылыми іссапар: қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтар зерттелді

 

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Тарих және география» кафедрасының оқытушысы, тарих ғылымдарының PhD докторы Серубаева Аурика Темірханқызы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу және материалдар жинақтау мақсатында Польша Республикасының Варшава қаласына іссапармен барды.

Іссапар «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» атты бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

 

 

Сапар барысында Варшава университетінің Халықаралық қатынастар және саясаттану кафедрасында профессор Анджей Вежбицкимен кездесіп, халық шығармашылығының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі, ұлттық құндылықтарды сақтау және рухани мәдениеттің қоғамдық маңызы мәселелерін талқылады. Кездесу соңында профессорға жоба аясында жарық көрген Жамбыл Омарұлы Артықбаевтың «Церемониальная культура казахского народа» атты оқу құралы табысталды. 

Сонымен қатар Аурика Темірханқызы Варшава қаласындағы Ұлттық этнографиялық музейге барып, этнографиялық мұраны сақтау, зерттеу және көпшілікке таныстыру тәжірибесімен танысты. Ғылыми іссапар аясында «Mój Kazachstan» қауымдастығының негізін қалаушы Медард Масловскимен және қауымдастық мүшелерімен сұхбаттар жүргізілді. Кездесулер барысында Польшадағы қазақ қауымдастығының қызметі, ұлттық мәдени мұраны сақтау, Наурыз мерекесі мен өзге де ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мәселелері қарастырылды.

 

 

Зерттеу жұмыстарының тағы бір бағыты DIMASH RADIO радиостанциясының қызметімен танысуға арналды. Радиостанцияның негізін қалаушы Збигнев Кужинскиймен және Димаш Құдайбергеннің Польшадағы фан-клубының негізін қалаушы Тереза Конколмен сұхбат өткізіліп, қазақстандық өнерді халықаралық аудиторияға таныту тәжірибесі зерделенді. Радиостанция эфирінде қазақ өнерпаздарының шығармаларымен қатар Қазақстанның мәдени өмірі, ұлттық мерекелері мен салт-дәстүрлері туралы ақпараттар таратылады. 

Сондай-ақ Польшада ұзақ уақыттан бері тұратын қазақтармен кездесулер өткізіліп, олардың қоныс аудару тарихы, қазіргі әлеуметтік ортасы және Қазақстанмен мәдени-рухани байланыстарды сақтау жолдары туралы мәліметтер жинақталды.

 

 

Іссапар нәтижесінде шетелдегі қазақ диаспорасының мәдени тәжірибесі, ұлттық құндылықтарды сақтау тетіктері және қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау жолдары бойынша маңызды ғылыми материалдар жиналды. Зерттеу нәтижелері ғылыми жобаның міндеттерін іске асыруға және халық шығармашылығының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы әлеуметтік рөлін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.