«Sherkhan Kids University» – оқушыларға арналған жаңа білім беру алаңы

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде мектеп оқушыларына арналған «Sherkhan Kids University» білім беру жобасы бастау алды.
Жаңа жоба жасөспірімдердің ғылымға қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, түрлі мамандықтармен ерте таныстыруға және болашақ кәсіби бағытын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.

Жобаның басты ерекшелігі – оқушылардың мамандықтар туралы ақпаратты тек теориялық тұрғыда алып қоймай, университет базасында тәжірибе жүзінде сынап көруі. Қатысушылар зертханалық жұмыстарға қатысып, шағын зерттеулер жүргізеді, құқықтық кейстерді талдайды, медиа және шығармашылық жобалар әзірлейді, сондай-ақ бизнес идеяларын таныстырады.
Бағдарлама барысында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттік клубтары, зертханалары, кітапханасы, өндірістік базалары мен кампус инфрақұрылымы оқушылардың білім алуына пайдаланылады. Бұл мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы сабақтастықты нығайтып, оқушыларға университеттің академиялық ортасымен жақынырақ танысуға жол ашады.

Жобаның негізгі бағыттары
Science LAB – «Ғажайыптар зертханасы»
Жаратылыстану ғылымдарына қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі тәжірибелер мен зертханалық жұмыстар ұйымдастырылады. Оқушылар ғылыми ізденістің алғашқы қадамдарын жасап, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады.
Edu LAB – «Ұстаздар академиясы»
Қатысушылар педагогикалық мамандықтармен танысып, мұғалім мамандығының ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде көреді. Білім беру үдерісінің қыр-сырымен танысып, ұстаздық қызметке қажетті дағдыларды байқап көреді.
Law LAB – «Әділет академиясы»
Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған практикалық тапсырмалар орындалып, өмірлік жағдайларға негізделген құқықтық кейстер талданады.
Business LAB – «Бизнес және идеялар академиясы»
Қатысушылар кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытып, бизнес идеяларын әзірлеу, оны таныстыру және қорғау дағдыларын қалыптастырады.
Creative LAB – «Шабыт әлемі»
Шығармашылық бағыттағы мамандықтар таныстырылып, оқушылардың креативті ойлау қабілетін, қиялын және шығармашылық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі.

«Sherkhan Kids University» жобасы Тараз қаласының мектеп оқушыларына айына бір рет ұйымдастырылады. Әр кезеңге 10 мектептен 10 оқушы, яғни 100 оқушы қатысады.
Жобаның 8 айлық бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы 80 мектептен 800 оқушыны қамту жоспарланған.
Бағдарламаны толық аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификат табысталады. Сертификат оқушының жобаға белсенді қатысып, білім беру бағдарламасын толық меңгергенін растайды.
«Sherkhan Kids University» – мектеп оқушыларына университет өмірімен ерте танысып, ғылым, білім, құқық, бизнес және шығармашылық бағыттарын тәжірибе арқылы меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи білім беру алаңы.

07 Окт 2026
136