«Мыңбасы Қосы батыр – ерлігі ерен тарихи тұлға» жинағының тұсаукесері өтті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Мыңбасы Қосы батыр – ерлігі ерен тарихи тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсаукесері өтті.
Тағылымды шараға университет президенті Ерболат Саурықов, университет ректоры Махметғали Сарыбеков, «Қосы батыр» қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков, Жамбыл облысы Қоғам кеңесінің мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты Аманкелді Карентаев, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев, ғалымдар, зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері және тарихқа қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.

Іс-шара қонақтарды қарсы алудан басталып, облыстың тарихи тұлғаларына арналған кітап көрмесімен танысуға ұласты. Көрмеге Жамбыл өңірінің тарихы мен елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы құнды еңбектер қойылды.
Жинақтың тұсаукесер рәсімінде университет ректоры Махметғали Сарыбеков кіріспе сөз сөйлеп, тарихи тұлғалардың өмірі мен ел тарихындағы орнын зерделеудің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар университет президенті Ерболат Саурықов ел тарихындағы көрнекті тұлғалардың өмірі мен ерлігін зерттеудің ерекшелігін, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Шара барысында Аманкелді Карентаев, Дәулетбай Есімбеков және Олжас Баққараев құттықтау сөз сөйлеп, жинақтың жарық көруімен авторлар мен ұйымдастырушыларды құттықтады.

Кітаптың тұсаукесері барысында Қосы батырдың тарихи тұлғасына қатысты маңызды мәселелер қозғалды. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Болат Үсенбаев «Жер атауының Қосы батыр құрметіне «Қосы апаны» аталуының тарихы» тақырыбында баяндама жасады.
Жамбыл облысы Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев «Қосы батыр Сәмбетұлының тарихи тұлғасы» тақырыбында баяндама жасап, батырдың ел тарихындағы орнына тоқталды.

Ал Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі, баспагер-журналист Дәрмен Смайыл «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасын жүзеге асырудағы ғылыми-көпшілік кітаптардың рөлі» тақырыбында өз ойымен бөлісті.
Жиын барысында қатысушылар Қосы батырдың тарихи тұлғасын зерттеу, оның ел тарихындағы орнын зерделеу, тарихи мұраны сақтау және кейінгі ұрпаққа насихаттау мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

«Мыңбасы Қосы батыр – ерлігі ерен тарихи тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жинағы – Қосы батыр Сәмбетұлының өмірі мен тарихи тұлғасын танытуға, оның ел қорғаудағы ерлігін ұлықтауға және тарихи мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды еңбек.

05 Окт 2026
101