«Ғалым ғибраты – ұрпаққа өнеге»

«Тұлғалар алаңы» жобасы және 1 қазан – Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері күні аясында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Шерхантану ғылыми-зерттеу институты және Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет сыншысы, ұстаз, ғалым Сәмен Оразғалиұлы Құлбарақпен «Ғалым ғибраты – ұрпаққа өнеге» атты кездесу кеші өтті.
Кездесуде университет Президенті Ерболат Саурықов ғалымға жылы лебізін білдіріп, ғылым мен білім саласына қосқан еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар, Сәмен Оразғалиұлының ұзақ жылғы ғылыми-шығармашылық жолына құрметін білдіріп, ізгі тілегін жеткізді. Кіріспе сөзді университеттің Стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, PhD Г.Б. Исабекова алып, ғалымның шығармашылық және ғылыми жолына тоқталды.

Сәмен Құлбарақтың ғылыми ізденістері, ең алдымен, қазақ әдебиетінің көркемдік әлемін терең тануға, әдеби шығарманың табиғатын теориялық тұрғыдан саралауға, көрнекті қаламгерлер шығармашылығын ғылыми айналымға түсіруге бағытталған. Ғалымның ғылыми бағыты әдебиеттану, қазіргі әдебиет және дулатитану салаларымен сабақтасып жатыр. Қазіргі таңда ол Дулати университетінің «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығында бас ғылыми қызметкер, филология ғылымдарының докторы, профессор ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.
Сәмен Құлбарақтың ғылыми еңбектерін оның ұстаздық қызметінен бөліп қарауға болмайды. Өйткені ғалымның негізгі мұраты – ғылыми нәтижені тек кітап пен мақала көлемінде қалдырмай, оны кейінгі буынға жеткізу.
Осыдан соң сөзді Шерхантану ҒЗИ «Әдебиеттану» бөлімінің жетекшісі Б.А. Бекназаров алып, «С. Құлбарақ – әдебиеттанушы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Профессордың ғылыми бағыты әдебиеттану, қазіргі әдебиет және дулатитану салаларын қамтиды. Ғалымның ұстаздық болмысы оның ғылыми еңбектерінің құрылымынан да көрінеді. Күрделі ғылыми мәселені қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу, әдеби мәтінге нақты мысалдар арқылы талдау жасау, теориялық тұжырымды көркем шығарма табиғатымен байланыстыру – студент пен жас зерттеушіге үлгі боларлық әдістемелік ұстанымдар.
Осы тұрғыдан Сәмен Құлбарақтың еңбектерін тек ғылыми зерттеу нәтижесі емес, әдебиетті танудың өзіндік мектебі деуге болады.
Университет түлегі, жас айтыскер ақын М. Мырзатай кеш қонағы – Сәмен Құлбараққа жүрегінен шыққан арнауын орындап, оның сан қырлы шығармашылық жолын өлең сөзге арқау етті.

Студенттер мен ғалым арасындағы сыр-сұхбат та өте тартымды әрі мазмұнды өтті. Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғалымның өмірі мен ғылыми-зерттеу жолы жөнінде ой бөлісті.
Кеш соңында университет басшылығы атынан Ерболат Саурықов ғалымға арнайы шапан жауып, гүл шоқтарын табыстады. Сондай-ақ университет Президентінің құттықтауы жеткізіліп, мерейтой иесіне ізгі тілектер білдірілді.

02 Окт 2026
120