Astana It University мен Шерхан Мұртаза Университетінің бірлескен жобасы қорытындыланды

14–15 қыркүйек күндері Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Astana IT University мамандарымен бірлесіп, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне арналған екі күндік ғылыми-практикалық семинар-тренинг өтті.
Іс-шара BR24993128 «Жамбыл өңірінің ауыл шаруашылығы саласында трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану үшін шешім қабылдаудың ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

Семинардың негізгі мақсаты – су ресурстарын басқару саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу, ғылыми тәжірибе алмасу және өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған практикалық шешімдерді дамыту.
Екі күндік бағдарлама барысында су ресурстарының жай-күйін сценарийлік модельдеу және болжау, WEAP платформасын қолдану, су шығынын өлшеудің заманауи тәсілдері, математикалық модельдеу, ақпараттық-талдау жүйелері және автоматтандырылған өлшеу кешендерін пайдалану бағыттары қамтылды.

Семинар-тренинг барысында Медетхан Айнұр Сейтжанқызы офлайн форматта дәріс оқып, су ресурстарын модельдеу және болжау бойынша практикалық тренинг өткізді. Сондай-ақ Қазамбаев Ілияс Маратұлы, Абжанова Дилара Ерланқызы, Аубакирова Алия Мұратқызы және Командиров Евгений Витальевич онлайн форматта қатысып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Бағдарламаның екінші күні практикалық сабақтарға арналды. Қатысушылар тренерлердің жетекшілігімен тапсырмалар орындап, су ресурстарын модельдеу, деректерді талдау және цифрлық құралдарды қолдану бойынша алған білімдерін тәжірибеде бекітті.

Семинар аясында жоба өкілдері мен сарапшылар Шерхан Мұртаза Халықаралық Тараз университетінің ректорымен кездесті. Кездесу барысында ғылыми жобаның нәтижелері, су ресурстарын басқару саласындағы қолданбалы зерттеулерді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және екі университет арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушыларға семинар-тренингке қатысқанын растайтын сертификаттар табысталды.

Ғылыми-практикалық семинар су ресурстарын басқару саласындағы ғылыми әзірлемелерді заманауи цифрлық технологиялармен ұштастыруға және оларды өңірдің нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді.
Бірлескен жоба аясындағы бұл жұмыс Astana IT University мен Шерхан Мұртаза Халықаралық Тараз университеті арасындағы ғылыми серіктестікті нығайтып, су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жаңа зерттеулер мен практикалық бастамаларға жол ашты.

16 Сен 2026
14