Жыр дүлдүлі Жамбылға арналған іс-шаралар қорытындыланды

Бүгін «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен қазақ халық поэзиясының көрнекті тұлғасы, ХХ ғасырдың Гомері, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Тұлғалар алаңы» жобасы аясында тағылымды іс-шара өтті.
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері, ақын, Жамбылдан жалғасқан ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі – Балтабаев Мұқағали Жамбылұлы Ж.Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректерді мазмұндап, студенттер мен оқушыларға дәріс оқыды.

Дәріс барысында ақынның дүниеге келуінен бастап шығармашылық жолы, қоғамдық қызметтері, айтыс жанрындағы туындылары, өзіндік тілдік ерекшеліктері жан-жақты талданды. Студенттер мен оқушылар Жамбыл әлеміне терең бойлап, рухани әсер алды.
Сонымен қатар, жоба қонағы өзінің ақындық шабытынан туған өлеңдерін оқып, оқушыларға ерекше әсер сыйлады.

Дәріс соңында қаңтар айында жарияланған «Тілегім — өрістеген оқу, білім!» атты Ж.Жабаевтың мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық эссе байқауының қорытындысы жарияланды.
Байқау талаптарына сәйкес қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ж.Жабаевтың шығармашылығы бойынша эссе жазды. Байқауға Жамбыл облысы бойынша жалпы білім беретін орта мектептердің 5–11 сынып оқушылары қатысты. Жұмыстар қатысушылардың таңдауы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылды.

Жамбыл облысы мектептерінен барлығы 159 жұмыс келіп түсті. Арнайы бекітілген әділқазылар алқасы сараптау жұмыстарын жүргізіп, жеңімпаздарды арнайы дипломдармен марапаттады.
Жеңімпаздар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-ззерттеу орталығына ерекше алғыстарын білдіріп, дәрістің мазмұнды әрі тағылымды болғанын атап өтті.

25 Фев 2026
80