COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Адрес

г. Тараз, ул. Желтоксан, 69Б

Контактный Телефон

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Время работы

Пнд - Птн: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаевтың V Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзі және еліміздегі жалпыұлттық бірлік пен этносаралық келісім мәселесі

 

 

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев өзінің V Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер мен өзекті мәселелерге байланысты өз ойларын көпшіліктің назарына ұсынды. Еліміз Президенті атап өткен өзекті мәселелердің қатарында «жалпыұлттық бірлік пен келісім» мәселесі басты мәселелердің бірі болды. Ол өз сөзінде «Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет» деп атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ойын одан әрі қарай сабақтай отырып, «Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз» деп, маңызды тұжырым жасап өтті.

 

Мемлекет басшысы жалпыұлттық бірлік пен келісім жайлы ойларын жалғастыра отырып, мынадай пікір айтты: «Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет». Қорыта айтқанда, Президентіміз еліміздегі бірлік пен келісімнің құқықтық талаптар мен нормалар шеңберінде орын алып отырғандығын және алдағы уақытта да әділеттілік аясында нығая түсетіндігіне көпшіліктің назарын аударды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалардың жаңа кезеңінде еліміздегі дамудың сан алуан мәселелеріне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін бұрынғыдан өзгеше, жаңа ауқымды платформа қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда «Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс». Ол өз ойын жалғастыра отырып, «Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады» деген қорытынды жасады. Еліміз Президенті одан әрі қарай мынадай ұсыныс айтты: «Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді».

 

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы жоспарланып отырған конституциялық реформа аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайды біріктіріп, Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынады және бұл ұсыныстың халық арасында қолдау табатынына сенім артады. Өйткені, бұл реформалар елдің игілігіне қызмет етіп, жалпыұлттық бірлік пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Мемлекет басшысы өзінің ұсынысын «Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғысынан мұқият саралай отырып қабылдаймын. ... Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете беремін» деген сөздермен қорытындылады. Мемлекет басшысының қоғам игілігіне бағытталған игі бастамаларын қолдау – елдің болашағын ойлайтын әрбір саналы азаматқа жүктелген үлкен жауапкершілік деп білеміз!

 

Режеп Баярисов, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Университеті, Тарих және география кафедрасының оқытушысы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі.