Дәстүрлі «Шерхан Мұртаза оқуларының» Х облыстық кезеңі өтті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде қазақ руханиятының алыбы, ақиқаттың алдаспаны атанған Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған дәстүрлі республикалық «Х Шерхан Мұртаза оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті. Іс-шараны университет жанындағы «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Жамбыл облысы білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы бірлесе ұйымдастырды.

РУХАНИ ЖАУҺАРҒА АЙНАЛҒАН БАЙҚАУ
Оқулардың басты мақсаты – халық жазушысы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның өнегелі өмірін, мол мұрасын жас буын санасына терең сіңіру, жасөспірімдерді әдебиетке, зерттеушілікке баулу.
Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков және «Жамбыл дарыны» аймақтық орталығының басшысы Майра Аманқұлқызы Есеналиева салтанатты ашылу рәсімінде сөз алып, байқаудың тәрбиелік мәні мен рухани маңызын атап өтті. Олар үміткерлерге сәттілік тілеп, оқу ордасының шерхантану бағытындағы жүйелі еңбегі туралы айрықша тоқталды.

ІС-ШАРАНЫҢ АШЫЛУЫНДА – РУХАНИ ШЕГЕРМЕЛЕР
Шерхан Мұртаза мұрасын құрметтеу мақсатында сахнада Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның әйгілі диалогы көрініс тапты.
Университеттің 1-курс студенті, жас айтыскер ақын Қамбар Жанерке «Шерхан оқуларына – 10 жыл» атты арнауын орындап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Сонымен бірге 2021–2022 жылдары «Шерхан грантын» иеленген студенттер сахнаға шақырылып, өз жетістіктерімен бөлісті. Олар гранттың білім жолындағы үлкен мүмкіндік болғанын айтып, университет ұжымына алғыстарын жеткізді.

ҮШ БАҒЫТ – БІР МАҚСАТ
Байқау үш номинация бойынша ұйымдастырылды:
1. «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір»
2. «Зау тұлға»
3. «Шерхан Мұртаза мұрасы» (ғылыми жоба)
Облыс бойынша 47 оқушы қатысып, өз білімін, дарынын, жазушы мұрасына деген қызығушылығын көрсетті.

ЖЕҢІМПАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Қорытынды бөлімде университет ректоры М.Н. Сарыбеков пен «Жамбыл дарыны» орталығының басшысы М.А. Есеналиева топ жарып шыққан жеңімпаздарды марапаттап, І орын иегерлеріне республикалық кезеңге жолдамалар табыстады.
Оқу ордасы осындай игі шаралар арқылы шерхантануды жүйелі түрде дамытып, жас буынды ұлттық әдебиетке жақындатуды мақсат етеді. Дәстүрлі байқаудың 10 жылдық тарихы – оның маңызын, өскелең ұрпақ үшін қажеттілігін дәлелдейді.


10 Дек 2025
194