Дәстүрлі республикалық "Х Шерхан Мұртаза оқулары" бастау алды

22 қазан күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі республикалық «Х Шерхан Мұртаза оқулары» байқауының ашылу салтанаты өтті.

Биыл мерейлі 10-шы рет ұйымдастырылып отырған байқау өзінің кең ауқымы мен мазмұндық деңгейімен ерекшеленеді. 2016 жылы облыстық деңгейде бастау алған бұл жоба бүгінде республика көлемінде танымал болып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өрендер мен ұстаздардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

Бүгінгі күнге дейін «Шерхан грантының» тоғыз иегері анықталып, олардың біразы университет қабырғасында білім алып, енді бірі кәсіби маман ретінде қоғамда өз орнын тапса, кейбірі магистратурада оқуын жалғастыруда.
«Шерхан оқулары» байқауының басты мақсаты — қазақтың халық жазушысы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның шығармашылық және тұлғалық мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу, әдебиет пен мәдениетке қызығушылықты арттыру.

Салтанатты ашылу рәсімінде университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметгали Нұрғалиұлы Сарыбеков сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында студенттер ән шырқап, «Камал мен Шерхан» атты көрініс қойды. Сонымен қатар 2021 және 2022 жылдардағы «Шерхан грантының» иегерлері сахнаға шығып, өз жетістіктерімен бөлісті. Кештің ерекше сәті — ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі Есет Досалының «Шерхан оқуларына – 10 жыл» атты арнауы болды. Бұл арнау алдағы уақытта байқаудың ресми әнұранына айналуы мүмкін.

Биылғы байқау үш бағыт бойынша өткізілді:
1 бағыт – «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» (теориялық талдау) – 13 қатысушы;
2 бағыт – «Зау тұлға» (шығармашылық жұмыс) – 23 қатысушы;
3 бағыт – «Ш.Мұртаза мұрасы» (ғылыми жоба) – 25 қатысушы.
Барлығы 61 оқушы өзара бақ сынады.

Қорытынды бөлімде институт ректоры М.Н. Сарыбеков жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етіп, І орын иегерлеріне облыстық кезеңге жолдама берді.
Облыстық кезеңге жолдама алған оқушылар:
«Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» номинациясы бойынша:
Мейрамбек Мерей – №53 мектептің 11-сынып оқушысы
Бейсен Хадиша – №47 мектептің 9-сынып оқушысы
«Зау тұлға» номинациясы бойынша:
Садырмек Камеля – №66 мектептің 9-сынып оқушысы
«Ш.Мұртаза мұрасы» номинациясы бойынша:
Ермұхан Сымбат – №64 мектептің 10-сынып оқушысы


23 Окт 2025
720