Таразда IX республикалық «Шерхан оқулары» өтті
Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен жалпы білім беру ұйымдарының 9–11 сынып оқушылары арасында IX республикалық «Шерхан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өтті. Ел руханиятының шындық пен әділет жолындағы шамшырағы болған Шерхан Мұртазаның шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталған бұл байқау – жас буынға қаламгер мұрасын тереңірек танып-білуге, әдебиет пен ғылымға деген ынтасын арттыруға мол мүмкіндік береді.
Байқау үш бағыт бойынша өтті: жазушы шығармаларын талдауға арналған «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» теориялық сайысы; Шерхан Мұртаза тұлғасына арналған шығармашылық арнау – «Зау тұлға» бағыты және «Шерхан Мұртаза мұрасы» атты ғылыми жоба байқауы.
Биылғы байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден аса оқушы қатысты. Солардың арасынан озық шыққан дарынды жастар түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, теориялық бағыт бойынша жоғары нәтиже көрсеткен Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Қажымұқан Жанар бірінші дәрежелі дипломға лайық деп танылды. Ал дәл осы білім ордасынан келген Төлеу Ерлан, сондай-ақ Жамбыл облысы, ТөлегенТоқтаров атындғы орта мектебінің оқушысы Кенжеахмет Ұлбала, Айша бибі атындағы БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ лицей-интернатының оқушысы Сұлтанбекқызы Зере екінші орын иеленсе, Алматы облысы, Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінен келген Диқанбай Ұлар, , №33 мектеп-лицей атынан қатысқан Ерікқызы Амина және де Жамбыл облысы, №12 Қабылбек Сарымолдаев атындағы орта білім беретін мектебінің оқушысы Әлжан Шахизада үшінші орындарды өзара бөлісті.
«Зау тұлға» шығармашылық арнау бағытында ең үздік жұмыс ретінде Жамбыл облысы, Жамбыл мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Сағадин Сәкеннің шығармасы үздік деп танылып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. ІІ орынға Маңғыстау облысынан Сәрсен Әли, Жамбыл облысынан Жұмаділ Сабина, сондай-ақ Абай атындағы мектеп-интернатының оқушысы Молжігітов Әлібек лайық деп танылды. Ал ІІІ орынға Қызылорда облысынан Қани Орынгүл, Қарағанды облысынан Болоот Айжан және Астана қаласынан Рүстемов Ғабит ие болды.
«Шерхан Мұртаза мұрасы» ғылыми жобалар байқауында Абай атындағы мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Ғұмырзақ Бекасыл І дәрежелі дипломға ие болып, ең үздік зерттеуші ретінде танылды. Бұл аталым бойынша ІІ орынды Жамбыл облысынан Манапалы Жания, Қызылорда облысынан Жақсылыққызы Іңкәр және Алматы облысынан Бейсенғазиұлы Берік иеленді. ІІІ орын алғандар қатарында Жамбыл облысынан Байдуанова Інкар, Қойшыбек Нұрболат, Аманкелді Қарлығаш, сондай-ақ Алматы қаласынан Акишева Арай сынды оқушылар бар.
Байқау қорытындысында барлық жеңімпаздарға дипломдар мен алғыс хаттар, жетекшілеріне сертификаттар табысталды. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс айтып, жас буынның Шерхан Мұртаза сынды тұлғалардың рухани мұрасын игеруі – ұлт болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.