ХТУ-да «Тәртіпті өзіңнен баста!» кездесуі өтті
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заң мен тәртіп» аясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Кездесу барысында заңға құрмет пен құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдары,жастардың азаматтық жауапкершілігін күшейту,академиялық адалдық қағидаттарын сақтау сынды мәселелер талқыланды.
Кездесуге заң және қоғам белсенділері қатысты. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Байгебаев: "Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – әрбір азаматтың міндеті. Әсіресе, жастар заңды білмей, өз құқықтарын қорғауға дәрменсіз болып қалмауы керек. Құқықтық сауаттылық – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі басты құрал" деп атап өтті.
«Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев өз сөзінде "Жастар – еліміздің болашағы. Сіздер ертең басшы, маман, қоғам қайраткері боласыздар. Егер тәртіпті өздеріңізден бастамасаңыздар, болашақта өзгеден талап ету қиын. Әр азамат заңға бағынса, әділ қоғам қалыптасады" деп жастарды жауапкершілікке шақырды.
Университеттің комплаенс-офицері Орынқыз Жолдасова болса, студенттерге: "Заң бұзушылықтың алдын алу үшін әрбір адам заңды білуі және оны сақтауы қажет. Университетімізде академиялық адалдық пен тәртіпке ерекше көңіл бөлінеді" деп университет қабырғасындағы құқықтық мәдениеттің маңыздылығына тоқталды.
Тәртіп – әркімнің өзінен басталады! Заң талаптарын сақтау және құқықтық сауаттылық қоғамның тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Осындай кездесулер студенттердің заңды түсініп, өз құқықтары мен міндеттерін терең білуіне үлкен мүмкіндік береді.