ТДМ 6 – Таза су және санитария

Шерхан Мұртаза университетінде трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқаруға арналған ғылыми-практикалық семинар өтті
2026 жылғы 14–15 қыркүйекте Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Astana IT University мамандарымен бірлесіп, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану және басқару мәселелеріне арналған екі күндік ғылыми-практикалық семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шара BR24993128 «Жамбыл өңірінің ауыл шаруашылығы саласында трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану үшін шешім қабылдаудың ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу» ғылыми жобасы аясында өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – су ресурстарын басқару саласында заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін кеңейту, ғылыми тәжірибе алмасу және өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған практикалық шешімдерді дамыту.
Екі күндік бағдарлама барысында су ресурстарының жай-күйін сценарийлік модельдеу және болжау, WEAP платформасын пайдалану, су шығынын өлшеудің заманауи тәсілдері, математикалық модельдеу, ақпараттық-талдау жүйелері және автоматтандырылған өлшеу кешендерін қолдану мәселелері қарастырылды.
Семинар-тренинг барысында Айнұр Сейтжанқызы Медетхан офлайн форматта дәріс оқып, су ресурстарын модельдеу және болжау бойынша практикалық тренинг өткізді.
Сонымен қатар Ілияс Маратұлы Қазамбаев, Дилара Ерланқызы Абжанова, Алия Мұратқызы Аубакирова және Евгений Витальевич Командиров онлайн форматта қатысып, ғылыми және кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Бағдарламаның екінші күні практикалық сабақтарға арналды. Қатысушылар тренерлердің жетекшілігімен тапсырмалар орындап, су ресурстарын модельдеу, деректерді талдау және цифрлық құралдарды қолдану бойынша алған білімдерін тәжірибеде бекітті.
Семинар аясында ғылыми жоба өкілдері мен сарапшылар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректорымен кездесті. Кездесу барысында ғылыми жобаның нәтижелері, су ресурстарын басқару саласындағы қолданбалы зерттеулерді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және екі университет арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушыларға семинар-тренингке қатысқанын растайтын сертификаттар табысталды.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 6-мақсаты – «Таза су және санитария» бағытына тікелей сәйкес келеді. Атап айтқанда, ТДМ 6.4 міндеті су ресурстарын барлық секторларда пайдалану тиімділігін арттыруға және су тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған.
Ғылыми жоба аясында қарастырылған су ресурстарын модельдеу, болжау, су шығынын өлшеу және ақпараттық-талдау жүйелерін қолдану мәселелері суды тиімді пайдалану бойынша ғылыми негізделген шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоба ТДМ 6.5 міндетімен де байланысты. Бұл міндет су ресурстарын кешенді басқаруды, оның ішінде қажет болған жағдайда трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Семинарда трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелерінің қарастырылуы осы міндеттің басымдықтарымен үндеседі.
Іс-шара ТДМ 9 – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» және ТДМ 17 – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» мақсаттарымен де байланысты. Су ресурстарын басқаруға арналған цифрлық технологиялар мен ғылыми зерттеулерді дамыту инновациялық әлеуетті арттыруға, ал екі университеттің бірлескен жұмысы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті осындай ғылыми-зерттеу және тәжірибе алмасу бастамалары арқылы су ресурстарын тиімді басқару саласындағы ғылыми әлеуетті дамытуға, заманауи цифрлық технологияларды меңгеруге және өңірдің су шаруашылығы мәселелерін шешуге бағытталған зерттеулерді қолдауға үлес қосуда.

28 Окт 2026
115