Президент

 

Саурықов Ерболат Байұзақұлы 1971 жылғы 12 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Фурмановка ауылында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. Филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі.

1978–1988 жылдары Құмөзек ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте білім алған.

1989–1994 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып, үздік дипломмен бітірген. 2009–2011 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып, үздік диплом иеленген.

Ғылыми қызметін 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жалпы тіл білімі» кафедрасында ғылыми ізденуші ретінде бастаған. 1995–1998 жылдары осы университеттің күндізгі аспирантурасында оқып, Президенттік стипендия иегері атанған.

1998–2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Көне түркі жазба ескерткіштері» ғылыми-зерттеу орталығында ғылыми қызметкер және «Жалпы тіл білімі» кафедрасында оқытушы қызметтерін атқарған.

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған.

2000–2001 жылдары М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі болған. Осы кезеңде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік стипендиясын иеленген.

2001–2004 жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Тест орталығы» және «Түркология» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы қызметтерін атқарған.

2004–2006 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры болып жұмыс істеген.

2006–2010 жылдары Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Тараз институтында «Құқықтану және тарих», «Филология» факультеттерінің деканы, институт директорының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жалпы тіл білімі» кафедрасы жанындағы диссертациялық кеңесте түркі тілдерінің тарихы бағыты бойынша докторлық диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған.

2011–2012 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бірінші проректоры, 2012–2022 жылдары аталған университеттің ректоры қызметін атқарған.

2015–2023 жылдары «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болған.

2023 жылғы наурызда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болып сайланған. Депутаттық қызметі барысында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Президенті қызметін атқарады.

Ерболат Байұзақұлы Саурықовтың ғылыми зерттеулері түркітану, тіл тарихы, салыстырмалы грамматика және жоғары мектеп педагогикасы бағыттарын қамтиды. Аталған салалар бойынша 100-ге тарта ғылыми мақала мен еңбектің, төрт монографияның авторы.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының Қазақстанның оңтүстік өңірінде жүзеге асырылуына жетекшілік етіп, тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау жұмыстарына қатысқан. Осы бағдарлама аясында Мойынқұм ауданындағы «Құралай сұлу» тарихи ескерткішін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.

Өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбие ісіне, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар мемлекеттік және өзге де марапаттарға ие болған:

- 2014 жылы — Женева қаласында «Сапа үшін еуропалық гран-при» марапаты;

- 2014 жылы — «Мойынқұм ауданының құрметті азаматы» атағы;

- 2015 жылы — «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі;

- 2015 жылы — «Ерен еңбегі үшін» медалі;

- 2016 жылы — «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі;

- 2016 жылы — «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі;

- 2017 жылы — «Тараз қаласының Жыл адамы» атағы;

- 2018 жылы — республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» номинациясы бойынша лауреат;

- 2018 жылы — Қазақстан Республикасының «Жыл патриоты» атағы;

- 2018 жылы — Жоғары оқу орындары қауымдастығының А. Байтұрсынұлы атындағы алтын медалі;

- 2019 жылы — «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағы;

- 2020 жылы — «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі;

- 2021 жылы — «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі;

- 2022 жылы — «Құрмет» ордені.

Отбасылы. Төрт баласы, екі немересі бар.