Исабекова Гүлнұр Болатбекқызы – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тумасы.
2000 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Ұстаздық еңбек жолын жоғары оқу орындарында оқытушылық қызметтен бастады. 2000–2013 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде және Тараз инновациялық-гуманитарлық институтында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарды.
2013 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 6М021000 – «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша магистратураны аяқтады.
2017 жылы 6D010300 – «Педагогика және психология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алды.
2017–2019 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Ғылым және инновациялық қызмет» бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
2019–2020 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің» деканы болды.
2020–2026 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Халықаралық ынтымақтастық» департаментінің басшысы қызметін атқарды.
2023–2026 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы болды.
2026 жылдан бастап Шерхан Мұртаза университетінің стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарады.
Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары – білім беру, көптілді және көпмәдениетті білім беру, CLIL технологиясы, шетел тілін оқыту әдістемесі және білім берудегі ақпараттық-коммуникациялық тәсілдер.
Бірқатар мемлекеттік гранттық ғылыми жобаларды іске асыруға қатысты. 2018–2020 жылдары AP05134840 «Қазақстан Республикасында үштілділік саясатын іске асыру жағдайында мектеп білім беру жүйесінде пән арқылы CLIL технологиясын енгізу» жобасының қосалқы жетекшісі, 2020–2022 жылдары AP08856578 «Қазақстан Республикасындағы көпмәдениетті білім беру кеңістігі: тарих, теория, жобалау негіздері» жобасының қосалқы жетекшісі болды. 2021–2023 жылдары AP09260664 «Қазақстан Республикасындағы үздіксіз білім беру жағдайындағы CLIL саясаты: ақпараттық-коммуникациялық тәсіл» ғылыми жобасына жетекшілік етті. 2023–2026 жылдары Erasmus+ CBHE бағдарламасы аясындағы №101082976 «Strengthening Higher Education in the Water Sector for Climate Resilience and Security in Central Asia (HWCA)» халықаралық жобасында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті тарапынан жоба үйлестірушісі болды.
Халықаралық академиялық және ғылыми ынтымақтастық саласында тәжірибесі бар. Румыния, Нидерланд, Германия, Австрия, Португалия, Венгрия, Ресей, Түркия және Люксембургтің жоғары оқу орындары мен ғылыми-білім беру ұйымдарында халықаралық бағдарламалар және ғылыми жобалар аясында академиялық тағылымдамалардан өтті. Түркия, Қытай, Тәжікстан, Португалия, Испания, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерде өткен халықаралық ғылыми және академиялық іс-шараларға қатысты.
50-ден астам ғылыми еңбектің авторы және бірлескен авторы. Оның ішінде Scopus және WebofScience халықаралық дерекқорларына кіретін ғылыми басылымдарда 8 жарияланымы, Қазақстан Республикасының уәкілетті органы ұсынған ғылыми басылымдарда 25 мақаласы, 4 монографиясы, электрондық және дәстүрлі форматтағы оқу құралдары бар. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтер енгізу туралы 15 куәліктің иегері.
Scopus Author ID – 57189890671, Web of Science Researcher ID – AAR-6795-2020, ORCID – 0000-0003-0599-4940. Scopus h-index – 2.
Кәсіби және ғылыми-педагогикалық қызметі мемлекеттік және салалық марапаттармен атап өтілген. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2025 жылы «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісінің иегері атанды.
Тұрмыс құрған. Екі ұл, бір қызы бар.